Спорт

Тәртіп сақшылары жеңіспен оралды

Ақтөбелік  тәртіп сақшылары Семейде өткен ерлер мен әйелдер арасындағы жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасы  чемпионатында қола медаль иеленді. Оған еліміздің әр түкпірінен 200-ден астам спортшы қатысты. Олар спорттық және әскери самбодан өзара сынға түскен.

Ақтөбе облысы ІІД арнайы даярлық басқармасының инспекторы, спортшылар арасында «Сардар» лақап атымен кеңінен танымал Шыңғыс Шоқпытов пен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Александр Борисов қола медаль иеленді.

— Әр жылғы чемпионаттың өз ерекшелігі бар. Бұл жолғы белдесулер өте тартысты өтті. Мен де өз жерімнің патриоты  ретінде намысты қолдан бермеуге тырыстым. Енді биыл қыркүйек айында Үндістанда өтетін  Азия чемпионатына қатысамыз. Үлкен жетістікке жету үшін көп жаттығып, шыңдалу қажет, — деді 100 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Ш.Шоқпытов. Бұл Шыңғыстың алғашқы жеңісі емес. Ол бала кезінен спортпен айналысып, ел намысын қорғап, талай байрақты бәсекелерде  жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Ал Александр Борисов чемпионатта 74 келі салмақ дәрежесі бойынша белдесті.

— Әскери самбо спорттық самбодан өзгеше — ол қорғаныстан гөрі шабуылдауға құрылған. Классикалық самбо әдістерімен қатар, соққы беру техникасы да қарастырылған. Әскери самбо күштік құрылымдар үшін жасақталған. Бұл спортпен тұрақты түрде айналысып, арнайы уақыт бөлу қажет, — дейді ол.

Жеңімпаздар өз жеңістері үшін жаттықтырушысы Үбаев Ақәділ мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі Қажымұқан Шалтақовқа ризашылықтарын білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button